2022 жылғы қаңтар-ақпанда Алматы қаласы бойынша негізгі капиталға тартылған инвестициялардың көлемі 135,6 млрд. теңгені (2021 жылғы қаңтар-ақпанда – 115,1 млрд. теңге, Қазақстан Республикасы бойынша үлесі – 10,4%), оның ішінде, ішкі инвестициялар – 117,5 млрд. теңгені, сыртқы инвестициялар – 18,1 млрд. теңгені құрады
Инвестициялар үш көзден: инвесторлардың жеке қаражаттарынан – 95,6 млрд. теңге (70,5%), қарыз қаражаттарынан – 22,8 млрд. теңге (16,8%), мемлекеттік бюджеттен – 17,1 млн. теңге (12,7%) тартылды. Инвестицияның айтарлықтай көлемі жылжымайтын мүлікке – 73,3 млрд. теңге (үлесі – 59,8%), көтерме және бөлшек саудаға – 11,2 млрд. теңге (үлесі – 8,1%), өнеркәсіпке – 12,8 млрд. теңге (үлесі – 8,9%) тартылды.

Қазіргі уақытта, инвестициялар әлеуметтік салаға, оның ішінде, денсаулық сақтауды, білім беруді және жаппай спортты дамытуға белсенді түрде тартылуда. Атап айтқанда, «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы бойынша Медеу ауданындағы жеке медициналық орталығы құрылысының пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау қолдау тапты. Жобаға 3 млрд. теңгеден астам инвестиция салынды, емхананың ашылуы 2022 жылғы сәуірге жоспарланып отыр.

«Медициналық орталық жалпы алаңы 4 мың шаршы метрді құрайтын 5 қабатты ғимараттан тұрады, онда рентген және сәулелі диагностика кабинеттері, функционалдық диагностика мен эндоскопияны қоса алғанда, балалар мен ересектерге арналған амбулаториялық емханалық қызмет, стационарлық бөлім және 2 операция бөлмесі орналасуда. Аталған емхана халықаралық стандарт бойынша салынды, жоғары технологиялық жабдықтармен жабдықталды. Үздік шетелдік және отандық мамандарды тартуды, жалақысы жоғары 200-ден астам жұмыс орындарын құруды жоспарлап отырмыз», – деп хабарлады емхананың бас директоры Сабыржан Базарбаев.

«Almaty Business-2025» өңірлік бағдарламасының шеңберінде Әуезов ауданындағы «Orken mektebi» жеке білім беру мектебінің құрылысына жылдық 6% мөлшерлемесі бойынша жеңілдетілген несие берілді. Жоба 2021 жылғы желтоқсанда іске қосылды, мектеп 340 оқушы орнына есептелген. Бүгінгі күні 59 оқушы оқып жатыр, оқушы жинау жалғасуда. Жеке мектеп оқушы орнының жеткіліксіздігінің мәселесін шешуге мүмкіндік береді және мегаполистің халқы көп орналасқан аудандарындағы сыныптарды нақты түрде азайтады. Мектеп директоры Жанар Адилованың айтуынша, міндетті пәндерден басқа логика, шахмат, бейнелеу өнері, ана тілінде сөйлейтін мұғалімі бар ағылшын тілі, музыка (хор, вокал, хореография, домбырада ойнау) және спорт секцияларын қоса алғанда, жеті бағыттан тұратын қосымша бағдарлама көзделген. Оқушылар үш мезгіл тамақпен қамтамасыз етілген, ата-аналардың оқытуға жұмсалатын шығындарының бөлігін жан басылық нормативтік қаржыландыру білім беру бағдарламасы жабады.

Жергілікті бюджеттен «Almaty finance» ЖШС арқылы қаржылық қолдауды Бостандық ауданындағы жабық теннис алаңының құрылысы бойынша инвестициялық жобасы алды. Спорт нысанының алаңы шамамен 4 мың шаршы метрді құрайды, арнайы еуропалық сапамен жабылған 6 сазды алаң бар.

«Жаттығу бағдарламасы дайындықтың кез келген деңгейіндегі – балалардан бастап, республикалық және халықаралық деңгейдегі әуесқой спортшыларға дейінгі клиенттер үшін көзделген. Қазір бізде шамамен 520 бала және 120 ересек адамдар жаттығады, сондай-ақ алаңға жаттықтырушымен жеке жаттығатын ойыншылар келіп тұрады. Бағасы қаланың орташа бағасындай. Жан басылық қаржыландыру бағдарламасы бойынша төлем мүмкіндігі бар, ол бойынша балалар тегін жаттыға алады», – дейді «JanDosym» теннис клубын дамыту жөніндегі менеджері Тимур Амирбеков.
2022 жылы Алматыда жергілікті бюджет қаражаттарынан 233,7 млрд. теңге сомасындағы жобаны инвестициялау жоспарланып отыр.